Slider

09.01.20

Талдықорған сервис және технология колледжінің ұстаздар қауымы мен бүкіл ұжымы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғаны туралы хабарды зор қуанышпен қабыл алды. Осы жақында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын 09.01.2020 күні колледжіміздің ұстаздар қауымы талқылады. Жиын пікірталас түрінде өтті. Талқылауға колледжіміздің тәжірибелі ұстаздарымен мен жас ұстаздары қатысты. Ұстаздық – қастерлі мамандық. Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршінге қара танытып, білім мен ғылымның қыр-сырына баулитын сала мамандарының ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша рөлін дәлелдеп жатудың қажеті де шамалы. Алайда бүгінгі қоғамда ұстаз деп аталатын қастерлі мамандық иелерінің беделі түскені жасырын емес. Бұл, шын мәнінде, еліміздің мұғалімдер қауымын ғана емес, бүкіл қоғамды толғандырып отырған мәселе еді. Сонау кеңестік дәуірден басталған мұғалім беделінің құлдырауы тәуелсіздігіміздің алғашқы екі он жылдығында одан әрі жалғасқаны белгілі. Ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин: «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі» деп, ал Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп аса құрмет тұтқан мұғалім мәртебесінің құлдырап кетуі білім сапасының төмендеуімен қатар тәлім-тәрбиенің де босаңсуына әкеліп соқтырғаны жасырын емес. Ашығын айтсақ, еліміз тәуелсіздігін жаңа алып, тәлтіректеп тұрған қиын кезеңде мектептен басқа жерде жұмыс қалмағандықтан, мектеп бітірген жастардың бәрі педагогикалық жоғары оқу орындарын жағалағаны әлі есімізде. Соның салдарынан мұғалімдік дарыны мен қабілеті жоқ көптеген мамандар мектепке мұғалім болып келді. Мысалы, заңгер, экономист сияқты мамандықтар бойынша әркім-ақ жұмыс істей беруі мүмкін. Ал жақсы мұғалім болу үшін мұғалім болып туылу қажет. Өйткені педагогқа да ақын, жазушы немесе композитор сияқты тума талант қажет. Жалпы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен бірге, еліміздің бүкіл ұстаздар қауымының мәртебесін көтеруге, ұстаз деген ардақты аттың абыройын арттыруға қызмет ететіні сөзсіз. Жалпы колледж ұстаздар қауымы мұғалім мәртебесін көтеруге, ең алдымен, олардың әлеуметтік жағдайын жоғары етіп, құқықтық қорғалуын да қамтамасыз ету арқылы қол жеткізуге болатынын айтады. Шынында, ұстаздық қызметтің ұрпақ тәрбиесімен айналысудағы ең маңызды сала болуын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан да мыңдаған шәкірт санасына сәуле құйып, білім нәрімен сусындатқан кәсіп иелерінің беделін түсірмей, еңсесін тіктеу бүгінгі қоғамның келер ұрпақ алдындағы қастерлі борышының бірі болып қала бермек. Осы орайда «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының қабылдануы, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды қамтамасыз етуге, педагогтардың әлеуметтік кепілдіктер жүйесін құруға мүмкіндік береді.  деген қорытындыға келді.