10.08.20
Осыдан тура 175 жыл бұрын Шыңғыстаудың Ералы жазығында шыр еткен қазақ дауысы – Алаш бағдар тұтқан жарық темірқазыққа айналды. Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «біріңді қазақ бірің дос» тұтатын қастерлі күн! Тура сол күні хакім үңілген терең ойлар теңіздей тебіренетіндей, тура сол күні хакімнің соңында қалған биік мәтіндер тіпті зорайып асқақтайтындай! Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қайырлы қадамы! Қазақтың ұлттық ақыл-ойының ең асқар шыңына бұл құрмет әбден лайық. Президентіміздің бұл шешімі ұлттық руханияттың үлкен қуанышы. «Абай күні» құтты болсын ағайын! Осы қуанышты, рухани мерекеге орай, Сіздерге бүгінгі әдебиетіміздің алыптарына айналған ақындарымыздың Абайға арнаған жырларынан үзінді ұсынып отырмыз. «Абай күні» құтты болсын ағайын!
* * *
Абай жалғыз қазақта, Абай дара,
Сөз бастаймын Абайсыз деп ойлама.
Ұмытсаң да шыққан күн, туған айды,
Ұмытасың Абайды қалай ғана?!
Абай — әлем шалқыған шетсіз-шексіз,
Түпсіз дүние тұңғиық көкжиексіз.
«Өзі де рас Алланың, сөзі де рас...»
Деген сөздің парқына көзің жеткіз.
Адам қайда барады, заман қайда,
Абай босқа артына алаңдай ма?
«Заманақыр жастары болмасаңыз,
Жүрегінің түбіне терең бойла!»
Ана тілің аяулы — Абай тілі,
Әр халықтың өз тілі — қалайтыны.
Тілін білмей бөленген бесігіңнің,
Қазақпын деп жүресің қалай тірі?
«Қазағым!» деп күңіренген шерлі күнде,
Абай рухы бүгінгі Елдігіңде!
«Өлмейтұғын артында сөзі барда» —
Адамзатпен жасайды мәңгі бірге!
Несіпбек Айтұлы. Абай
* * *
Абай ағамыз!
"Қазағым-ау" деп Сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.
Өтірік! Жалған -
аспанның астын кернеген,
бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!
Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің - бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,
Қу аяқ бар ма - қазақтың қызын алмаған!
Адамгершілік айрылды өз бағасынан,
Алдауға келсе інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын
Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.
Мұсылман таппай - отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға - сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі
Жылап көрісер, ей аға, Сіздің ғасырға!
Жүрсін Ерман. Абай ескерткіші
* * *
Абай ата, келмеймін күнде саған,
Саған шашпай мұңымды кімге шағам?
Көресіні түгелдей көріп болмай
Күтіп тұрған көрге де кірмес адам.
Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға,
Көкте жүрген көзелдің көзі бар ма?
Тіршіліктен түңілген тамам бала
Өзін асып жатыр ғой өзі дарға!
Ақзу тілім ақ сор боп шұбарланып,
Қыжылымды айтпадым құмар қанып,
Гәкку әнім гөй-гөйге көп ұласты,
Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып.
Туған жерді тозаққа айналдырып,
Амалсыздан аһ ұрам айлам құрып.
Жайылымсыз өңірім қайырымсыз
Өрісімді алыппын ойран қылып.
Жау жықпаған қазақты арақ жығып,
Қайта басты даламды қараңғылық.
"Қартта - мейір, балада - пейіл қалмай"
Әлекедей жалаңдар арам қылық.
Намыс емес көбіміз табыс қуып,
Өгей өстік өрліктен алыс туып.
Тәуіп еткен таспұтым телкек қылды,
Өзімді әкеп өзіммен шағыстырып.
Ала жіптен аттамай ас батпады,
Бүйрек пенен жүректі тас қаптады.
Жылан жылтып жүрген соң қойнымызға
Жанымыздан жылу да қашқақтады.
Ертоқымның сынған соң айылбасы
Ұмытылды ұлы әннің қайырмасы.
Сүтте қаймақ қалмайды, қыз да -оймақ,
Су мен удың жоғалды айырмасы.
Жидебайда жарылса талай атом,
Жырлап жүрген біз соны - Сарай ақын.
Ұрпағыңа "Тоқтат!" деп тоқтам айтшы,
Бар еді ғой аруақты Абай атың!!.
Ұлықбек Есдәулет. Жидебайда
* * *